Бәйдібек ауданында жаңадан салынған көпқабатты үй пайдалануға берілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жаңадан салынған көпқабатты үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығында құрылысы аяқталған 10 пәтерлі тұрғын үйге жас қызметкерлер мен үйі апатты жағдайдағы және тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар қоныстанды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін тапсырып, оларға ізгі тілегін жеткізді. Жаңадан салынған көпқабатты үйдің жобасы тиісті талаптарға сай жүргізілген. Онда жатын бөлмелермен қатар ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі бар.

Айта кетейік, аталған аудандағы 3 ауылдық округте жас қызметшілер мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арнап көпқабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Биыл қалған ауылдық округтердегі құрылысы аяқталған екі тұрғын үйге жас қызметкерлер мен тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы 20 отбасы қоныстанады деп жоспарланып отыр.