Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады.
Әйелдің айтуынша, көрші ауылдағы сіңлісінің үйіне ұлымен бірге қыдырып барған. Осы сәтте 2014 жылғы ұлы өзге балалармен ойнап жүріп, аяқасты хабар-ошарсыз кеткен.
Тапа-тал түсте ұлын ұшты-күйлі жоғалтып алған ана бар үміті полицейлерде екенін хабарлайды.
Бұл жайтты бәйдібектік полицейлер бірден тіркеуге алып, бұл ауылдың ой-қырын толық білмейтін жоғалған баланы іздеп табу үшін сол аумаққа бекітілген учаскелік инспекторлар жұмылдырылды.
2 учаскелік инспектордың екі жақтап жедел іздестіруінің арқасында 7 жасар жеткіншек 1,5 сағатта табылды.
Белгілі болғандай жоғалған бала көше бойында ойнап жүріп, адасып кеткен. Қазіргі таңда бала жақындарына қайтарылды.
Ұлымен аман-есен қауышқан анасы, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне ізгі ықыласын білдіріп, рақметін айтты.