БАЙДІЛДИН ӘБДІРАХМАН

Фото: None
Байділдин Әбдірахман (1891-1931) - әдебиетші, түрктанушы, қоғам қайраткері. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында дүниеге келген.

Үш жылдық ауыл мектебін, орыс-қырғыз училищесін, Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген. «Бірлік» ұйымының мүшесі, әрі оның хатшысы болған. Ақпан революциясынан соң Ақмола облысындағы Қазақ комитетін ұйымдастыруға белсене атсалысқан.

1919-1920 жылдары - Түркістан Коммунистік Жастар одағының Орталық Комитеті жанындағы қазақ (қырғыз) жастары ұйымдастыру бюросының мәдени-ағарту бөлімінің жауапты хатшысы, нұсқаушы-ұйымдастырушы, 1920-1921 жылдары Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің мұсылмандар семинариясының төрағасы, 1921-1922 жылдары Орынборда Қазақ АКСР Жер комиссариатының алқа мүшесі, «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923 жылдары Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» (қазіргі «Қайнар» газеті) газетінің редакторы, 1923-1925 жылдары Мәскеуде Орталық баспаның қазақ секциясының қызметкері, 1925-1926 жылдары Қазақ өлкелік Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, ал 1926-1929 жылдары республикалық оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметтерін атқарған. 1929 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ) оқытушысы болған.

1929 жылы басталған қуғын-сүргін кезінде тұтқынға алынып, 1931 жылы ату жазасына кесілген. 1990 жылы Қазақ КСР прокурорының шешімімен ақталған.

Әбдірахман Байділдин «Алдымыздағы мақсатымыз» (1926), «Оқытушылар мен кәсіпшілер қозғалысы» (1927), «Оқу қызметкерлеріне жолбасшы», «Жаңа әліппе» (1928 ) атты еңбектердің авторы.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том.