Байділдин: Кейкі батыр жайлы туындыдағы деректер - елу жылдың еңбегі
Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің бұл еңбегінде бұрын баспасөз бетінде жарияланбаған даңқты қолбасшы Кейкі Көкембайұлының сан қилы тағдыры сөз болады. Кітапқа батырдың тұстастары мен көзін көрген қарттардан естіген әңгімелер, сол кезеңдегі Торғай өлкесінің тыныс-тіршілігі, Ұлытау мен Ұлы Жыланшық аймағынан жиналған материалдар мен фотосуреттер енген.
«Кейкі батыр жайлы кітап жазуды сонау 1963 жылдан бері армандаған едім. Өйткені, ең біріншіден мен сол Кейкі батыр туған өңірде өстім, сол елдің азаматымын. Екіншіден, Кейкінің көзін көрген, батырмен дәмдес болған қариялармен жиырма жылдан астам аралас-құралас болдым, сан рет әңгіме-дүкен құрғанмын. Кейкі жайлы ел аузынан жинастырған мағлұматтар елу жылдың еңбегі. Сондықтан да Кейкі жайлы өз қал-қадірімше ой толғаймын. Оқырман керегін алар, артық-кемін өлшер», - дейді автор.
Айта кетейік, Кейкі батырды 1923 жылы қызыл әскер жауынгерлері өлтірген. Содан кейін бас сүйегі кунсткамераға жөнелтілген. Санкт-Петербург қаласындағы кунсткамерада 93 жыл бойы сақталып келген Кейкі батырдың бас сүйегі елімізге өткен жылы қайтарылған болатын. Осыдан кейін арнайы құрылған мемлекеттік комиссия Кейкі батырдың сүйегін оның туған жері - Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында жерлеу туралы шешім қабылдады.