Бәйге атын сойып, сатып жіберген ақтөбелік бас бостандығынан айырылды

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік өзінің таныстарымен бірге бөтеннің бәйге атып сойып, етін базарға өткізіп жіберген. Сотталушының кінәсі толық дәлелденіп, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Прокурор Айдар Әлімжановтың сөзінше, 35 жастағы К.Айбек бұған дейін Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабы бойынша сотталып, жазасын бостандықта өтеп жүрген. Соған қарамастан ол былтыр желтоқсан айында өз таныстарымен бірге алдын ала ақылдасып, Ақтөбе қаласы Қурайлы ауылына барады. Көлікті одан бұрын көздеген үйдің маңына тоқтатып, қорадағы бәйге атын жетектеп шығады. Екеуі бөтен біреу көріп қалмауын қадағаласа, тағы екеуі жылқыны сол жерде сойып алады. Кейін етін көлікке тиеп, базарға өткізеді. Сотталушы К.Айбек кінәсін толық мойындады. Сол күні түсте мал іздеп барып, қорадағы жылқыны көреді. Кейін танысына соғым алып келетінін айтып, қолғабыс етуін өтінеді. Сөйтіп төртеуі сойып, етті өткізіп, әркім қызметі үшін ақы алады. Сот отырысы кезінде жәбірленуші Н.Кәкімов бәйге атын 2 млн теңгеге сатып алғанын, ағасының қорасында баққанын жеткізді. Сонымен бірге кешірім де берді.

Сот үкімімен бұрын сотталған К.Айбек Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, түпкілікті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді. Оның жанында болған Ж.Қанағат, Т.Манарбек, Ә.Дархан 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот Қылмыстық кодекстің 63-бабына сай тағайындалған жазаны шартты деп санап, пробациялық бақылау бекітті.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде бүйрегін 15 млн теңгеге сатпақ болған қарағандылық рақымшылыққа ілікті