«Байқаулар шын жүйріктің бағасын өсіре ме, түсіре ме?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 23 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Алып елмен жарастықтың өнегелі қыры». Осындай тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақала Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасап отырған мемлекеттік сапарына арналған. Басылымның атап өтуінше, «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясында Қазақстан Президентіне «Жылдамдығы жоғары Астана-Алматы темір жол магистралі құрылысының» жобасы таныстырылды. Бұл жолдың құрылысы барысында Астанада жаңа темір жол вокзалын салу, Алматыдағы темір жол вокзалын қайта жаңғырту, Қарағанды мен Балқаш қалаларында жаңа терминалдар салу, жол бойында 54 өндірістік нысан тұрғызу жұмыстары жүзеге асады. Қытайлық мамандардың есептеулері бойынша, инновациялар мен жаңа технологияларды пайдалана отырып, жолды төрт жылдың ішінде салып, толық іске қосуға болады. Елбасы сапары жайында толық білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің сәрсенбілік нөміріне назар салыңыз.

Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің 2010 жылғы экономикалық-әлеуметтік даму қорытындысы және 2010 жылғы мемлекеттік бюджеттің атқарылу мәселелері талқыланды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Дағдарыстан кейінгі дамудың тұғырына айналған жыл» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Жалпы айтқанда, 2010 жылы еліміздің экономикасының барлық саласында өсу деңгейі тұрақты түрде сақталған. Ел экономикасы өткен жылы дағдарысқа дейінгі даму деңгейін қалпына келтіріп қана қоймай, алдағы уақытта одан әрі тұрақты даму тұғырын қам­тамасыз етті. Бүгінгі күнге дейінгі деректер бойынша 2010 жылғы мемлекетіміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі 2009 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артты», - деп жазады басылым.

***

Қазақстан тұрғындарының басым бөлігін, яғни 53,8 пайызын азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатады. Дегенмен елдің тұрмыс жағдайы күрт нашарлаған жағдайда көпшілік, атап айтқанда 69,4 пайыз ел азаматы қосымша күнкөріс көздерін іздеп, жағдайға бейімделуге даяр екен. «Айқын» газетінің жазуынша, бұл туралы кеше Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан саяси зерттеулер институты ұйымдастырған «Елдегі әлеуметтік-саяси ахуал контексіндегі Қазақстан Республикасының Президент сайлауы» атты дөңгелек үстел барысында айтылған. Әлеуметтік зерттеулер нәтижелеріне сүйенсек, елдің көпшілігі қиындыққа шыдап кетуге әзір болғанымен, 2009 жылмен салыстырғанда қоғамдағы наразы көңіл күй деңгейі де біршама өскен. Айталық, респонденттердің 10,6 пайызы қандай да бір формада наразылық білдіруге әзір. Олардың 2,4 пайызы заңсыз шерулер, наразылық акцияларына қатысудан бас тартпаса, 4,5 пайызы тек заңсыз наразылық жиындарына баруға құлықты. Бұл жайында егжей-тегжейлі мағлұмат алғыңыз келсе, басылымдағы «Сайлау кезіндегі ахуал қандай болмақ?» деген мақалаға назар салыңыз.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдинмен арадағы сұхбат «Бізге артылып отырған үміт те, жауапкершілік те үлкен» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мұнай-газ саласы буыны бекіп, ел экономикасының негізгі тірегіне айналды. Қазақстан мұнайы дегенде, алдымен Атырау мен Маңғыстау өңірлеріндегі ірі кеніштер ойға оралады. Мәселен, «Теңіз» кенішінің игерілуі мен Каспий қайраңындағы Қашаған кенішінің ашылуы елімізге шетелдік мұнай компанияларының келуіне жол ашқаны баршаға мәлім. Шетел компанияларының инвестиция салуға келісім беруі, әрине, Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі», - дейді.

***

Соңы уақытта конкурс өткізу сәнге айналды. Айтулы мерекелерге орай белді, беделді ұйымдардың ұйымдастыратын бәсекелі сындары өз алдына, қазір әр сала, ірілі-ұсақты әр мекеме, тіпті жекелеген адамдар да әдебиет, өнер, жалпы мәдениет саласына қатысты бәйге жариялауды жиілетті. Аталған сала өкілдерін сәл де болса ынталандыруға себепкер болатындығын ескерсек, бұл, бір жағынан, өте құптарлық та, қуанарлық та жағдай. Бірақ жұртты дүрліктіретін сол конкурстар, бәйгелер қалай өткізіліп жүр? Бұл жайындағы толымды ақпаратқа қаныққыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінің сәрсенбінің сәтінде шыққан нөміріндегі «Байқаулар шын жүйріктің бағасын өсіре ме, түсіре ме?» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

Осыдан он шақты күн бұрын Алматыдағы Солдатское ущельені «Азиада шатқалы» деп атап жөнінде ұсыныс жасаған «Алаш айнасы» басылымы аталған тақырыпқа қайта қалам тартып отыр. Басылымның атап өтуінше, қазірдің өзінде бұл ұсынысты қолдаушылар саны өте көп деуге де болады. Олардың біразы хат арқылы пікірлерін білдірсе, басым бөлігі редакцияға қоңырау шалып, осы істі аяғына дейін жеткізуді өтінген екен. Осыған орай басылым Парламент депутаттарының, елге есімі белгілі спортшыларымыздың пікірлерін жариялап отыр.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Астанада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров сыртқы істер жөніндегі комитеттің мүшесі Николь Киил-Нильсеннің басшылығымен келген Еуропалық Парламент делегациясымен кездесті. Делегация Қазақстанға басым бағыттарының бірі ретінде адам құқықтары саласындағы ынтымақтастық болып табылатын Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы жаңа әріптестіктің 2007-2013 жылдарға арналған стратегиясының іске асырылуы барысымен танысу үшін келді. А.Шәкіров қонақтарды адам құқықтарын қамтамасыз ету саласында, оның ішінде заңнамалық база мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесу, халыққа құқықтық білім беру мәселелеріндегі мемлекеттің қызметімен таныстырды.