Байқоңырда тұңғыш мешіттің қазығы қағылды

Фото: Фото: ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр қаласында тұңғыш мешіттің қазығы қағылды. 

Салтанатты рәсімге Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Сергей Волков қатысты. Іс-шара барысында құрбан шалынып, ата-баба рухына арнап Құран бағышталды. Игі бастамаға ақсақалдар батасын берді.

Фото: ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

— Мешіт «Асыл қолдау» қоғамдық қорының демеушілігі есебінен салынады. Екі қабаттан тұратын құлшылық үйі 800 адамға шақталған. Айналасында серуен саябағы және субұрқақтар орналасады. Ас беруге арналған асхана, балалардың ойын алаңын да салу жоспарланған, — делінген ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Фото: ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

2025 жылдың 2 маусымында «Байқоңыр» ғарыш кешені өзімен аттас қала және ғарыш айлағымен бірге құрылғанына 70 жыл мерейтойын атап өтеді.