Қармақшы ауданының білім бөлімі хабарлағандай, мектеп ғимараты «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бірлескен шешіміне сәйкес қала әкімшілігінің жалға беру қорынан шығарылды.
— Ол Қазақстан Республикасының коммуналдық меншігіне өтіп, № 298 орта мектеп атауын иеленді. Білім ұйымы жаңа оқу жылы қарсаңында халық игілігіне пайдалануға берілді. № 298 орта мектептің жобалық қуаты — 790 орын. Ғимараттың жалпы аумағы — 6908,37 шаршы метр. Жаңа оқу жылына дайындық аясында жөндеу жұмысы жүргізіліп, мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар кадрлық қамтамасыз ету, оқушы қабылдау және оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жұмысы толық аяқталып, мектеп жаңа оқу жылында өз жұмысын бастады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Байқоңыр қаласында 11 мектеп бар. Оның 6-ы қазақстандық білім беру стандарты бойынша оқытады.