Байқоңыр Бүкілресейлік халық санағына қатысуда

БАЙҚОҢЫР. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Қазанның 14-25-і аралығында өтіп жатқан Бүкілресейлік халық санағына Байқоңыр қаласы да қатысуда. Себебі, ғарыш кешенінің жалдануына байланысты Байқоңыр қаласы Ресейдің федералдық маңыздағы қаласы мәртебесіне ие.

«Байқоңыр» кешенінің аумағындағы Ресей Федерациясы азаматтарының санағын жүргізу және ұйымдастыру жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Михаил Москалевтің айтуынша, Байқоңырдағы санақ науқанына 70 санақшы, 16 нұсқаушы және 4 учаске меңгерушісі жұмылдырылып отыр. Санақшылардың негізін - Мәскеу авиациялық институты «Шығыс» филиалының, Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумының студенттері, қалалық мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері құрайды.