«Байқоңыр» ғарыш айлағына «ҚазСат-2»-ні ұшыру үшін «Протон-М» зымыран тасығышы жеткізілді

БАЙҚОҢЫР. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - 8 желтоқсанда «Байқоңыр» ғарыш айлағына «ҚазСат-2» қазақстандық жер серігін ұшыру үшін «Протон-М» зымыран тасығышы жеткізілді, деп хабарлайды «Оңтүстік» ғарыш орталығының баспасөз қызметі.

«Протон-М» зымыран тасығышы теміржол арқылы ғарыш айлағына шекаралас орналасқан Төретам стансысына келіп жетті. Тиісті кедендік тексерулерден кейін зымыран тиелген теміржол көлігі «Байқоңыр» ғарыш айлағының 92 алаңына жеткізілді.

Бүгін таңертең ғарыш айлағының 92А-50 алаңындағы құрастыру-сынақтан өткеру ғимаратында М.Хруничев атындағы Мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарыш орталығы мен «Оңтүстік» ғарыш орталығының мамандары вагондардан зымыран тасығыштың блоктарын түсіруге кірісіп кетті.