Байқоңыр қаласында шекаралық қызмет ашылмаса, ол жерге Ресей ұшақтарын қондырмауға құқылымыз - М. Молдабеков

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Байқоңыр қаласында шекаралық қызмет ашылмаса, ол жерге Ресей ұшақтарын қондырмауға құқылымыз.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков осылай мәлім етті.

«Байқоңыр аймағына қатысты шекаралық бақылау мәселесінде бірқатар мәселелер туындап отыр. Әрине, ондағы шекара, шекаралық бақылау мәселесінің қаралып жатқанына 3-4 жыл боп қалды. Тіпті кей жағдайда шекаралық бақылаусыз келуге қатысты Қазақстан елінің заңын бұзушылықтар көрініс алып жатады. Сондықтан да, соңғы уақытта үкіметаралық комиссияға дәл осы мәселені бір-екі мәрте қойған болатынбыз. Ол шешімін таппады. Ендігі күні біз де өз тарапымыздан тәсілге саламыз. Мәселен, Байқоңыр қаласында шекаралық қызмет ашылмаса, ол жерге Ресей ұшақтарын қондырмауға құқымыз бар», - деді депутаттар сауалына жауап берген М. Молдабеков.

Оның айтуынша, бұндай құқықты қолдану өз нәтижесін беріп қалуы да мүмкін.