Байқоңыр Қазақстанның юрисдикциясына өтуі мүмкін - Т. Мұсабаев

None
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласы Қазақстанның қарауына өтуі мүмкін.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлім етті.

«Шынымен, 1994 жылы бір ғана дұрыс шешім қабылданды және бұған Мемлекет басшысы Н. Назарбаев табандылық көрсетті бұл - Байқоңыр кешенін жалға беру туралы шешім болатын. Тіпті ол тұста кешеннің эксплуатациясына тек оны ұстап тұруға ешбір мүмкіндіктер болмаған секілді еді. Сондықтан да, ең бір нақты шешім қабылданып жыл сайын кешенді 115 млн. долларға жалға беру туралы шарт жасалды. Бұл өз нәтижесін де берді. Нәтижесінде ғарыш айлағы құрып кеткен жоқ, қызметін атқарып та жатыр, тіпті, біршама дамып та келеді», -деді Т.Мұсабаев.

Агенттік төрағасының айтуынша, кешенді жалға беруге қатысты үлкен проблемалар туындаған болатын. Оның ішінде өзінің елінің аумағында тұратын Қазақстан азаматтарының Ресей Федерациясының юрисдикциясымен өмір сүруі де жағдайды күрделендіріп тастаған. «Сондықтан да, бүгінгі таңда Байқоңыр қаласын Қазақстанның юрисдикциясына беру , сондай-ақ ғарыш айлағынан жалға беруден шығару туралы мәселе қарастырылып жатыр», - деді агенттік басшысы.