БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласында әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды қорқытқан адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байқоңыр тұрғыны WhatsApp месенджері арқылы жасаған бейнеүндеуінде аталған кешендегі Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі басқармасының басшылығына қаладағы Арбат деп аталатын аумақтың ұйымдасқан тобына қарсы күш қолданатыны туралы айтқан.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабымен (Қорқыту) тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 32 жастағы күдікті ұсталды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Байқоңырда көпқабатты үйлердің арасынан оқ тиген адамның денесі табылды .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.