Байқоңырда Аналар күнін мерекелеу басталды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейде Аналар күні, Байқоңырда да бұл мереке кеңінен тойлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мереке қарсаңында қала әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко мен аппарат жетекшісі Сергей Яновский қала әкімшілігінің шаруашылық бөлімінде жұмыс істейтін әйелдерді Аналар күнімен құттықтады.

«Қала әкімшілігінің жетекшілері әйелдердің аналық еңбегі мен бала тәрбиесіндегі зор үлесі үшін алғыс білдірді. Мерекеге байланысты аналар материалдық көмек алды», - деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.  Шаруашылық бөлімінде жұмыс істейтін әйелдер,  көпшілігі жақын маңдағы Төретам мен Ақай ауылдарында тұратын қазақстандық азаматшалар Байқоңыр басшылығына рақмет айтты.

Аналар күніне орай, бүгін «Сатурн» киноконцерт залында қаланың барлық тұрғындары үшін мерекелік концерт болады.