Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов пен қала әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев қатысып, жиналғандарға құттықтау лебіздерін жеткізді.
- Бүгінгі басқосуымыз тәуелсіз еліміздің экономикасы тұрақты дами бастағандығына нақты дәлел, - деді Сәбит Нұрмаханұлы. - Ол аналарымыздың бірнеше перзентті өмірге әкеліп, аман-сау өсіруі үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау мен денсаулық сақтаудағы қамқорлығы күшейіп келеді. Биік белестерді бағындыруымыз үшін демографиялық дүмпудің қажеттілігі даусыз.
- Нұрсұлтан Әбішұлының әлемге әйгілі айлақ пен қаланың қуатты құрылымдарын сақтап, халықаралық деңгейде дамытудағы қайраткерлік үлесі орасан зор, - деді Александр Федорович. - Екі ел басшыларының жалдық сипатта бірлесе пайдалану жөніндегі уағдаластығы ғарышнама ғылымының көкжиегін кеңейтуге тың серпін беріп, сан салада қызмет атқаратын мамандар мен тұтас тұрғындардың әлеуеті артуына оң ықпалын тигізді.
Жергілікті атқару билігінің жетекшісі берекесі мен бірлігі жарасқан ортақ үйінде құрметке бөленген әзиз жандардың дәстүрлі жолын жас отбасылардың жарасымды жалғастыратындығына сенім артты. Басшылар бұдан кейін көпбалалы аналарды марапаттап, оларға гүл шоқтарын ұсынды.
Алтыннан алқа таққан қандастарымыз Қарлығаш Сәдуақасова, Анаркүл Жұбатқанқызы және түрі басқа, тілегі бір Надежда Витченко жалдық сипаттағы өңірдің тіршілігін жақсартуға сүбелі үлес қосқан қарапайым қазақстандық ретінде ұлттар арасындағы татулықты нығайтып, дәстүрлі діндердің дамуына басымдық берген Елбасының салиқалы саясатын қолдайтындықтарын жеткізді.