БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласында әлеуметтік желі арқылы діни алауыздықты қоздыруға бағытталған деструктивті діни ағымды ұстанушы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол биылғы жылдың қараша айында әлеуметтік желілерде діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағыздар таратумен айналысқан.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде деструктивті діни ағымды ұстанатын жергілікті тұрғын қолға түсті.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Онда әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру жағдайы көрсетілген. Оның кінәсі толығымен дәлелденді. Байқоңыр қалалық сотының үкімімен оған 3 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.