Байқоңырда ғарышқа ұшудың 50 жылдығына орай марафон ұйымдастырылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында адамзаттың ғарышты игергені мен ғарышкер Юрий Гагариннің көкке самғағанына 50 жыл толуына орай марафондық қашықтыққа жүгіру жарысы өтті.

Бұл жолы қашықтық классикалық үлгідегідей емес, 33,5 шақырымды құрады. Жарыс қорытындысында Қызылорда қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Бұдан кейінгі екі орынға Байқоңырдан қатысқан екі құрама орналасты. Жалпы, бұл жүгіруге Қазақстан мен Ресейдің Қызылорда, Қарағанды, Санкт-Петербург, Қазан, Киров сынды қалаларынан 19 жүйрік қатысты. Жекелей сында қазандық Сергей Родыгин мәре сызығын бірінші, санктпетербургтік Дмитрий Тунгусков екінші, қызылордалық Алмас Сағынбаев үшінші болып қиды.