Байқоңырда карантин қыркүйектің соңына дейін созылды

БАЙОҢЫР. ҚазАқпарат – Байқоңыр қалалық әкімшілігі басшысының қаулысына сәйкес, коронавирусқа байланысты шектеу шаралары 2021 жылдың 27 қыркүйегіне дейін созылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық жедел штабтың мәліметінше, 2021 жылдың 13 қыркүйегінен бастап жабық тамақтану орындарында адамдар саны 50%-дан аспауы тиіс, үстелдердің арақашықтығы 1,5 метр және бір үстелдегі адамдар саны төртеуден аспау керек. Сондай-ақ, ашық аспан астында салтанатты, мәдени, спорттық шаралар өткізуге рұқсат етілді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағына 18 жастан асқан адамдарға зымыран-тасығыштарды және ғарыш құрылғыларын көруге арналған экскурсиялық тур жасауға болады. Балаларға дене шынықтыру сабақтарына қатысуға және жабық спорт нысандарына спортпен айналысуға, соның ішінде бассейнге рұқсат етілді

Байқоңырға оқуға, жұмыс бабымен, асқа келушілерден ПТР тест талап етіледі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметі штаттық режимде жүргізіледі. Соған қарамастан, Байқоңырдағы коронавирус жағдайы күрделі болып отыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 10 қыркүйегінде Байқоңыр қаласында 2395 адам КВИ-ге шалдыққан. 2 апта бұрынғы жағдаймен салыстырғанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталған.

Авторы: Сара Қабиқызы