ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазалы ауданы еңбеккерлері Байқоңыр тұрғындарына осылайша толайым тарту жасады. Ауыл шаруашылығы өнімдері базардан 10-15 пайызға арзан бағамен сатып алды.
«Бұл жолғы жәрмеңкеде 400 келі «Қазалы» кәмпиті, 4 тонна күріш, 1,5 тонна сүт және сүт өнімдері, 300 келі жылқы еті, 2 тоннаға жуық балық, 6 тонна картоп пен көкөніс өнімдері ұсынылды. Мұнда сатушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шатырлар орналастырылды», - деп мәлім етті Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жеңісбек Айымқұлов.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Барлығы да арзандатылған отандық өнімге қызығушылық танытты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.