Байқоңырда мексикалық спутникті орбитаға шығару кезінде штаттан тыс жағдай орын алды
«Протон-М» зымыран-тасығышының Байқоңырдан ұшырылуының тікелей көрсетілімін «Жерүсті ғарыштық инфрақұрылымы нысандарын пайдалану орталығы» ФМУК қамтамасыз етті. Ғаламтор желісінің барлық пайдаланушылары http://www.federalspace.ru/317/ сайтынан стартқа дейінгі екі сағаттың ішінде ғарыштық зымыранды даярлаудың соңғы іс-қимылдарын және оның ұшырылуын тікелей эфирден тамашалады.
Ғарыш аппаратының үдету блогынан ажырауы ұшырылғаннан кейін 10 минуттан соң жоспарланған.
Алайда 420-шы секундта штаттан тыс жағдай орын алғаны туралы хабарланып, репортаж аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Мексат-1» мексикалық байланыс серігі бар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыру әуелде 2015 жылғы 29 сәуірге жоспарланып, тапсырыс берушінің өтініші бойынша кейінгі мерзімге ысырылған болатын.
Росғарыштың баспасөз қызметінің ақпаратынша, спутникті дайындап шығарушы - «Боинг» компаниясына борттағы аппаратураны тексеру үшін қосымша уақыт қажет болған.