«Ресей Федерациясы жалға алған Байқоңыр қаласы мен Төретам стансасы, Ақай елді мекеніндегі тұрғындарға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы» Қазақстан мен Ресей арасындағы 2009 жылғы 17 қарашада қол қойылған Келісімнің 4-бабының 2-ші және 3-ші тармақшаларына сәйкес халыққа көрсетілетін медициналық қызмет Қазақстан бюджеті есебінен ел заңнамаларына сай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ғана төленеді. Осыған сәйкес, 2009 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті мен Ресейдің Федеральдық медико-биологиялық агенттігінің №1-ші Орталық медико-санитарлық бөлімі арасында келісімшарт жасалынған болатын. Бірақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 2010 жылдан бастап қолданысқа енуіне байланысты, аурудың бірнеше түрлері: психикалық, инфекциялық аурулар, туберкулез, әскерге шақыру кезіндегі тексерулер тегін медициналық көмек көрсетудің тізбесіне енбей қалған», - дейді сенатор.
Оның айтуныша, Ресейдің медициналық мекемелері өз заңымен, Қазақстанның мекемелері Қазақстан заңдары аясында жұмыс істейтін болғандықтан қаржыландыруда, көрсетілген қызметтің сапасын тексеру кезінде бірнеше келіспеушіліктер кездескен. Сондықтан да депутаттың пікірінше, кемшіліктерді орнына келтіру мақсатында екіжақты жасалынған келісім шартқа тиісті өзгертулер енгізу қажет.
Бұдан бөлек, Б. Досманбетов әлеуметтік мәселелер проблемасына да назар аударады. «Байқоңыр қаласында тұрақты тұратын тұрғындар Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы 1996 жылғы 27 сәуірде жасалынған «ҚР Байқоңыр қаласы тұрғындарының зейнетақы құқығына кепілдігі туралы» келісімге сәйкес, қай елдің азаматы екеніне қарамастан зейнетақымен қамтамасыз етілуі Ресей заңнамасымен жүзеге асырылады. Дегенмен, Төретам, Ақай елді мекендерінде тұрып Байқоңырдағы Ресей мекемелерінде жұмыс істейтін, сонымен қатар Байқоңырдан көшкісі келетін ҚР азаматтарына зейнетақы тағайындалуында шешілмеген мәселелер де баршылық. Атап айтсақ, зейнетақыны тағайындауға қажетті жұмыскердің ресей рублімен көрсетілген жалақысы туралы анықтамасы қабылданбайды. Себебі, біріншіден, жұмыскердің жалақысынан Қазақстан Республикасы жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы төлемдері төленбейді, екіншіден, жалақысы ресей рубілімен көрсетілгендіктен оларға ең төменгі зейнетақы тағайындалады», - дейді сенатор.
Сонымен қатар, Б. Досманбетов Байқоңыр қаласының атқару ұйымдары Ресей Үкіметінің шешімімен құрылатынын да тілге тиек етті. Сондықтан да, қаладағы тұрғын үй коммуналдық тарифтері Қызылорда облысының тарифтеріне қарағанда жоғары, азық-түлік тауарларының бағасы Ресейдің орталық аймақтарының бағаларымен сәйкес болып отыр. Байқоңыр қаласының күнкөріс деңгейі Қызылорда облысы үшін бекітілген нормадан 2 есе жоғары. Сонымен қатар, Ресей азаматтарының жалақысы да анағұрлым жоғары.
«Осы жағдайлардың бәрі Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына теріс ықпалын тигізеді. Біздің азаматтардың көпшілігі тұрмыстық қызмет көрсету саласында (төмен жалақымен) жұмыс істейтінін, отбасында 2-3 баладан барын ескерсек, жалақысының біраз бөлігінің коммуналдық төлемдер мен азық-түлікке жұмсалатыны белгілі. Осыған орай, қазақстандықтардың әлеуметтік қынжылыстарын шешу мақсатында бірқатар шаралар атқарылса игі. Атап айтсақ, біріншіден Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтарының зейнетақымен тиісті деңгейде қамтамасыз етілуін Ресей жағымен келісіп шешу. Екіншіден, «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР Заңына тиісті толықтыру қажет. Үшіншіден, қалада өз алдына облыстың қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ашылуы қажет», - деді депутат Б. Досманбетов.