Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасына «Прогресс М-08М» жүк кемесі ұшырылды

БАЙҚОҢЫР. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Сәрсенбі, қазанның 27-сінде, Астана уақыты бойынша 21 сағат 19 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағының Гагариндік ұшу алаңынан «Прогресс М-08М» жүк кемесі орнатылған «Союз-У» зымыраны сәтті ұшырылды.

«Ресейғарыш» агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, зымырантасымалдағыштың үшінші сатысы штаттық режимде ажырағаннан кейін, «Прогресс М-08М» жүк кемесі Жердің жасанды серігінің орбитасына шығарылған.

Халықаралық ғарыш стансасының бағдарламасына сәйкес «Прогресс» стансаға 2,5 тоннадан астам жүк, атап айтқанда отын, ғылыми және борт жабдықтарын, азық-түліктер, экипаж үшін ауа мен су, басқа да материалдар жеткізеді.