Байқоңырдан малайзиялық жерсерікті алып ұшқан зымыран ғарышқа сапар шекті

БАЙҚОҢЫР. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан Measat-3а (бұрынғы атауы Measat-1R) малайзиялық жерсерікті алып ұшқан «Зенит-3SLB» зымыран-тасығыш ұшырылды.

  «Роскосмос» өкілі ғарыш сапарының жоспарланған уақытында, штатты жағдайда жүзеге асырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап.

Салмағы екі тонна болатын Measat-3a спутнигін малайзиялық оператор Satellite Systems Sdn. Bhd.-ның тапсырысы бойынша Orbital Sciences Corporation американдық компаниясы құрастырған болатын. Жерсерік 15 жыл бойы геостационарлық орбитадан Шығыс Африка, Орта Шығыс, Азия және Австралия елдерінің пайдаланушылары үшін қызметтерін ұсынатын болады.