Байқоңырлықтар қала күнін атап өтті
13:11, 03 Маусым 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Кеше Байқоңыр қаласында жылдағы дәстүрге сай қала күні тойланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл мерекеге Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров қатысып, жиналғандарды қаланың туған күнімен құттықтады. Шара барысында ол Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев, басқа да лауазым иелері және құрметті қонақтармен бірге бауырластар зиратына тағзым етті. Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысына ғарыш пен Сыр даласының үндестігін паш ететін «Қорқыт» атты қылқалам туындысын тарту етті. Бұдан кейін басшылар қайта жөнделіп, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің мәлімдеуінше, халыққа қызмет көрсету бағытындағы бұл ғимараттарды қалпына келтіруге қалалық бюджет пен демеушілер тарапынан қомақты қаржы бөлінген. Мерекелік шара соңында байқоңырлық өнерпаздардың концерті тамашаланды.