Байланыс және ақпарат министрі пошта қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

/strong>Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі заманда дәстүрлі пошта байланысы өзінің басты міндеті - ақпаратты беру мен таратуды жүзеге асыра отырып, қала мен ел, құрлық пен халық арасында байланыстырушы буын болған және әрдайым бола береді.

Бұл жайында бүгін ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің пошта қызметкерлерін кәсіби мерекімен құттықтаған хатында айтылған. Оны министрліктің Жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттаров Алматы поштамтының 150 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында оқып берді.

"Бүкіл әлемде Дүниежүзілік пошта күнін кеңінен мерекелеу қоғамымызды пошта саласына қол жеткізуге, салалық мамандықты жария етуге мүмкіндік береді. Ол салалық мекемелер мен ұйымдардың тұтынушылар арасындағы диалогының жаңа түрін қалыптастырады. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік пошта күнін өзінің кәсіби мерекесі санайтын мамандардың ортасы елеулі түрде кеңейтілді. Республикамыздың пошта саласында жұмыс жасайтындар 22 мың адамға жетті", дейді Асқар Жұмағалиев. Байланыс және ақпарат министрінің айтуынша, биылғы жылы Дүниежүзілік пошта күнін мерекелеу Алматы поштамтының 150 жылдық мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр. Ол күніне мыңдаған адамға қызмет көрсететін Қазпошта филиалдарының ең ірі, әрі алдыңғы қатарлы бөлімдерінің бірі. Алматы поштамты екі жыл қатарынан рейтинг нәтижелері бойынша ең үздік филиал корпоративтік наградасын жеңіп алды. Оның мерейтойын қазір Алматы поштамтының ғана емес, күллі Қазақстан поштасының іргетасын қалаған және осы салада 30 жылдан астам еңбек еткен 430 зейнеткер мен 65 Ұлы Отан соғысына қатысқан байланыс ардагерлері де тойлауда.