Байлар төлейді: Бразилияда орта тап табыс салығынан толық босатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилия депутаттары Президент Лула да Силваның орта тапты табыс салығынан босату жөніндегі маңызды бастамасын мақұлдады, деп хабарлайды BFMTV.
Бюджетке түсетін шығынды өтеу үшін бай азаматтарға салынатын салық мөлшерін төрт есе арттыру көзделіп отыр.
Қабылданған заң жобасына сәйкес, айлық табысы 5 000 реалдан (шамамен 800 еуро) аспайтын азаматтар табыс салығын мүлде төлемейтін болады. Бұған дейін бұл шекті табыс 3 000 реалды (шамамен 480 еуро) құраған.
Үкіметтің мәліметінше, егер бастама толық жүзеге асса, 2026 жылға қарай шамамен 16 миллион бразилиялық бұл салықты төлеуден босатылады.
Бюджет шығынын өтеу үшін ай сайын 50 000 реалдан (шамамен 7 995 еуро) жоғары табыс табатын азаматтарға салынатын салық төрт есе өседі.
Қазір бұл санаттағы шамамен 140 мың адам табыс салығы ретінде орта есеппен 2,5% төлейді. Жаңа тәртіп бойынша олардың салығы біртіндеп 10%-ға дейін артады.
Президент Луланың бұл бастамасы ел ішіндегі қолдаудың негізгі факторына айналғанымен, өткен жылы қаржы нарығы тарапынан теріс қабылданып, ұлттық валюта — реалдың тарихи құнсыздануына алып келген болатын.
Айта кетейік, биыл шілде айында АҚШ президенті Дональд Трамп Бразилиядан импортталатын тауарлар мен қызметтерге кедендік баж салығын 50%-ға дейін арттыру туралы жарлыққа қол қойған еді.