Бас бапкердің айтуынша, Армениямен өткен кездесуде жаттықтырушылар штабы жас футболшыларға мүмкіндік берген және олар сенімді ақтаған.
– Армениямен өткен матчта жас ойыншыларға басымдық бердік. Олардың арасында ұлттық құрама сапында алғаш рет алаңға шыққандар да болды. Барлығы өздерінің дайын екенін көрсете алды. Бұл бізді қуантады. Дегенмен алда атқарылатын жұмыс әлі көп екенін жақсы түсінеміз, – деді Талғат Байсуфинов матч алдындағы баспасөз мәслихатында.
Ол Венгрия құрамасының қазіргі деңгейіне де тоқталды.
– Венгрия бүгінгі таңда сапалы футбол көрсетіп жүр. Жаңа бапкер келгеннен кейін команда нәтижеге ұмтылып келеді. Бұл – өте мықты қарсылас. Біздің футболшылар үшін пайдалы тәжірибе болады. Венгрия құрамасының мүмкіндіктерін жақсы білеміз. Соған қарамастан өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз, – деді бас бапкер.
Қазақстан мен Венгрия құрамалары арасындағы жолдастық кездесу 9 маусым күні өтеді. Матч Астана уақытымен сағат 21:50-де басталады. Ойын тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.
– Венгрия – жақсы ұйымдасқан әрі қарқыны жоғары команда. Біз өз мүмкіндігімізді пайдаланып, жанкүйерлерімізді жақсы ойынмен қуантуға тырысамыз, – деді Талғат Байсуфинов.
Айта кетейік, футболдан Өзбекстан құрамасы Нидерландыға қарсы жолдастық матч өткізеді.