«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.

Фото: видеодан алынған кадр

Ол Астанадағы №102 жалпы білім беретін мектепте орналасқан №274 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Байтақ» партиясы сайлаудың ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуінің маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Еске салайық, бүгін Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша Қазақстандағы мәслихат сайлауына дауыс берушілердің 53,86%-ы қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін Respublica партиясының төрағасы мәслихат депутаттары сайлауында дауыс бергенін жазғанбыз. Ол жергілікті өкілді органдарды қалыптастыру өңірлерді дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды саяси қадам екенін атап өтті.