«Бәйтерек» 5 жылда сырттан 20 трлн теңге қарыз алады – Үкімет сағаты

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов Сенаттағы Үкімет сағатында «Бәйтерек» холдингінің экономиканы несиелендірудегі үлесі туралы деректерді атады.

Фото: ҰЭМ

Инвестициялардың ЖІӨ-дегі деңгейін қазіргі күйде (14-15%) сақтай алсақ, 2029 жылға қарай жиынтық инвестиция 240 млрд долларға дейін барады. Бірақ 2029 жылы инвестицияның ЖІӨ-дегі деңгейін 23%-ға дейін жеткізу үшін 85 млрд доллар қосымша инвестиция қалыптастыру керек, - деді вице-министр.

Арман Қасенов бұл шаруаны «Бәйтерек» холдингі тындыра алатынын атап өтті.

- Дәл осы мақсатпен мемлекеттік даму институттарының капиталын жыл сайын 1 трлн теңгемен толықтырып отыру ұсынылған болатын. 2025 жылы «Бәйтерек» мемлекеттен 500 млрд теңге алды. Ал Сенат депутаттарының қолдауының арқасында бұл сома алдағы 3 жылға 1 трлн теңгеден болып бекітілді. Мемлекеттің «Бәйтерекке» берген әр триллиион теңгесіне 7 трлн теңгеден қарыз тартылады. Сонда 1/7 қағидатымен қарыз тартылады, - деді ол.

Вице-министр бұл қарыздың тең жартысы ішкі нарықтан теңгемен алынса, қалғаны сыртқы нарықтан шетелдік валютамен алынатынын атап өтті.

- Бұл институттардың экономикаға жыл сайын 8 трлн теңгеге дейін қаржы құюына мүмкіндік туғызады. Осылайша «Бәйтерек» алдағы 5 жылда 40 трлн теңгедей қаржы тартады. Қазірдің өзінде холдингтің портфелінде 18 трлн теңгенің жобасы бар. Бұл цифр өтінім түскен сайын өсе береді, - деді Арман Қасенов.

Бұған дейін Бәйтерек экономика салаларын қолдауға 8 трлн теңге қаржы бөлетіні айтылғна болатын.