«Бәйтерек» бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн несие бөледі — Парламенттің кеңейтілген отырысы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн несие бөлінетінін айтты.
Сенатор Евгений Больгерттің сұрағына жауап берген Үкімет басшысы экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ арқылы арзандатылған несие бөлінетінін еске салды.
— Үкімет «Бәйтерек» арқылы үлкен бағдарламаны іске қосты. Былтыр «Бәйтеректің» тетіктері арқылы экономикаға шамамен 4 трлн теңге бөлінсе, биыл ұлттық басқарушы холдингтің алдына экономикаға 8 трлн теңгеден кем емес ақша құю міндеті қойылды. Ол үшін біз «Бәйтерек» холдингінің капиталына 1 трлн теңге қосамыз. Бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі екенін ескерсек, бұл міндет аса күрделі. Бірақ орындауға болады, — деді ол.
Премьер-министр бұл тәсіл Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлеме бекітіп отырғанына қарамастан, бизнесті арзандатылған қаржымен қамдауға мүмкіндік беретінін айтады.
— Біздің пайымдауымызша, 20 пайыз мөлшерлемемен несие алу айтарлықтай қиын. Ондай борышқа қызмет көрсету ауыр болады. Сондықтан біз оны 12,6 пайызға дейін арзандатып отырмыз, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.