«Байтерек Development» АҚ ісінің фигуранттарын қамауда ұстау тағы 1 айға ұзартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Байтерек Development» АҚ ісіне қатысы бар тұлғаларды қамауда ұстау мерзімі 17 мамырға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазАқпараттың ресми сауалына орай Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты күдікті Аслан Жақыповты (басқарма төрағасының орынбасары), Бауыржан Әйтімбетовті (Мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі дирекциясы департаментінің жетекшісі), Ғазиз Сариевті (басқарушы директор), Дильрух Анарбаевты (бұрынғы басқарушы директоры) тұтқында ұстау мерзімінің ұзартылғандығын мәлім етті.

Сонымен қатар «Project City Group» ЖШС-нің жетекшілері Смағұлов, Есмұқанов, Жұманазар мен Комаровты да қамауда ұстау мерзімі ұзартылған.

30 сәуірге дейін АҚ-ның бұрынғы төрағасы Бақыт Жақсыбаев та (соңғы жұмыс орны - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғырту орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы) тұтқында болады.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың қарашасынан бастап «Байтерек DEVELOPMENT» АҚ басшылығына қатысты пара алу фактілері бойынша тергеу амалдары басталды. Аталған азаматтардың барлығына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында өңірлерде жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін қажетті мемлекеттік қызметтерді сатып алу кезінде құрылыс компанияларына басымдық бергені үшін жүйелі түрде аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отыр. Осыған дейін хабарланғанындай, 13 кәсіпорын тартылған қылмыстық схема республиканың барлық аймақтары: Орал, Көкшетау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалалары бойынша жүзеге асырылған.