«Бәйтерек» ғарыш кешеніндегі сынақтарды кейінге шегеруге негіз жоқ - Айдын Айымбетов
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев желтоқсанда «Бәйтерек» ғарыш кешеніндегі сынақ жұмыстарына түсінік берді.
Атап айтқанда, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды.
- «Союз-5» - «Бәйтерек» кешеніне арналып жасалған жалғыз зымыран-тасығышы. Егер шетелдік компаниялардан өздерінің спутниктерін ұшыруға сұраныс болса, бізде оларға тиісті жағдай жасауға мүмкіндік болады. 2025 жылғы желтоқсанда «Бәйтерек» кешенінде бірінші сынақ жүзеге асырылады. 2026 жылы онда тағы бір ұшырылым жоспарланған. Жалпы, осындай үш сынақ болуы керек. Біздің жобада ресейлік тапсырыстан бөлек, нарықта басқа да клиенттерді тарту ескерілген. Ол кешенде соңғы сынақ 2027 жылы өтетінін ескерсек, 2028 жылдан бастап коммерциялық негізде халықаралық нарықтарға шығамыз, - деді Ж.Мәдиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар «Бәйтерек» БҚ» АҚ-ның Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылымы жыл соңына жоспарланғанын растады.
- Құрылыс жоспар бойынша іске асып келеді, яғни жұмыс кестесінен ауытқу жоқ. Осы орайда биылғы желтоқсанда ұшыру жоспарланған. Зымыран-тасығышты құрып жатқан Ресей жағы да осыны растады. Жерүсті инфрақұрылымның дайындалып жатқанын ескерсек, аталған ұшырылымды кейінге шегеруге негіз жоқ деп санаймын, - деді А.Айымбетов.
Бұған дейін Айдын Айымбетов келесі қазақ ғарышкері ғарыштың ғылыми бағдарламасы дайын болғанда шығатынын айтты.