«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiнде сынақ қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн пайдалануға қатысты түсінік берді.
- Қазір «Бәйтерек» жобасының жобалық-сметалық құжаттары аяқталды. Техникалық жұмыс басталып та кетті. Жыл сайын үш рет ұшыру жоспарланған. Сынақ ретінде ұшыру тәртібі 2027 жылға дейін жоспарланған. 2028 жылдан бастап толыққанды пайдаланылады. 2028 жылдан төрт рет зымыран-тасығышты ұшыру ескерілген. Ал ресейлік тарап оның үшеуіне кепілдік беріп қойған, - деді Д. Мұсалиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, «Бәйтерек» жобасы бойынша ынтымақтастық Ресеймен жеке үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатыр.
Еске салсақ, биыл маусым айының басында Парламент Мәжілісі «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды.
Сонымен қатар «Бәйтерек» БҚ» АҚ-ның Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылымы жыл соңына жоспарланғанын растады.