«Бәйтерек» холдингі 1,5 млрд доллар шетелдік инвестиция тартты - Қ. Бишімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -2014 жылы «Бәйтерек» холдингі 1,5 млрд доллар шетелдік инвестициялар тартты. Бүгін Парламент Сенатының депутаттарымен кездесуі барысында «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда холдинг тарапынан шетелден инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр.

«Ағымдағы жылы 1,5 млрд доллар шетелдік инвестициялар тартылды. Бұның ішінде 500 млн доллар қаражатты индустрияландыру бағдарламасының жобаларын қаржыландыруға бағыттау жоспарланып отыр. Бұлар негізінен Қазақстанның Даму банкінде жатқан еркін айналымдағы қаражаттар, оларды кез келген уақытта пайдалануға болады. Ал қалған бір миллиард доллар - белгілі бір мақсаттағы қаражат, негізінен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту үшін жұмсау көзделген», - дейді Қ. Бишімбаев.