Ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша «Бәйтерек» холдингі тұрғын үйді енгізу жөніндегі биылға белгіленген жоспарды 6,6 пайызға асыра орындады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес «Бәйтерек» холдингі 2015 жылы Қазақстан бойынша 401 мың шаршы метрді немесе шамамен 7 мың пәтерді пайдалануға тапсыру туралы міндет алған болатын. Бүгінгі күні тұрғын үйдің 416,8 мың шаршы метрі немесе 7 062 пәтері пайдалануға берілді.
«Қосымша жыл соңына дейін тағы да 10,7 мың шаршы метрді немесе 175 пәтерді тапсыру жоспарланып отыр. Осылайша, 2015 жылы барлығы 427,5 мың шаршы метр немесе 7 237 пәтер пайдалануға беріліп, тұрғын үйді енгізу жөніндегі биылғы міндет 6,6%-ға асыра орындалады», - делінген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, қазіргі уақыттағы жағдайы бойынша өңірлердегі қалаларда жалдамалы тұрғын үйді енгізу қамтамасыз ету көрсеткіштері төмендегідей болып отыр Астана (аумағы 23 мың шаршы метрлік 394 пәтер), Алматы (аумағы 111,5 мың шаршы метрлік 1885 пәтер), Шымкент ( 85,9 мың шаршы метрлік 1572 пәтер), Ақтөбе (31,3 мың шаршы метрлік 478 пәтер),Тараз ( 28,5 мың шаршы метрлік 450 пәтер), Қарағанды (10 мың шаршы метрлік 152 пәтер), Қостанай ( 5,5 мың шаршы метрлік 91 пәтер),Семей ( 9,5 мың шаршы метрлік 192 пәтер), Қызылорда ( 59,6 мың шаршы метрлік 950 пәтер), Талдықорған (1,7 мың шаршы метрлік 30 пәтер), Павлодар ( 10,6 мың шаршы метрлік 215 пәтер), Ақтау (19,4 мың шаршы метрлік 316 пәтер), Көкшетау (19,9 мың шаршы метрлік 337 пәтер).
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Өскемен қаласында аумағы 7,8 мың шаршы метрді құрайтын 140 пәтер және Қостанай қаласында аумағы 2,8 мың шаршы метр 35 пәтер тапсырылатын болады. Жалдамалы пәтерлерді жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар санаттары, жас отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, әскери қызметшілер алуда.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2014 жылғы қарашадағы «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында қолжетімді үй салу тәсілдерін қайта қарауды және қазақстандықтарды қолжетімді, сапалы әрі арзан баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.