«Бәйтерек» кешені қосылғаннан кейін гептильде жұмыс істейтін «Протон» зымыранын ұшыруды сатылап қысқарту немесе мүлдем доғару туралы мәселе қоюға болады - Т. Мұсабаев

АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Бәйтерек» кешені іске қосылғаннан кейін ғана «Байқоңыр» ғарыш айлағынан гептильде жұмыс істейтін «Протон» зымыран тасығышын ұшыруды сатылап қысқарту немесе ондай зиянды зымырандарды ұшыруды мүлдем доғару туралы мәселе қоюға болады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Байқоңыр ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені қолданысқа берілгеннен кейін Қазақстан ғарыштық-коммерциялық негізде ғарыш аппараттарының ұшырылымдарына қатыса алады әрі бұдан сәйкесінше дивиденттерге ие болады. Ерекше тоқталатын мәселе, «Бәйтерек» кешені іске қосылғаннан кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан гептильде жұмыс істейтін «Протон» зымыран тасығышын сатылап қысқарту немесе ондай зиянды зымырандарды ұшыруды мүлдем доғару туралы мәселе қоюға болады», деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Оның айтуынша, «Байқоңыр» кешенінде Қазақстан атсалысуға ниет етіп отырған тағы бір нысан орта сыныпты зымыран тасығыш базасындағы «Зенит» жобасы болып табылады.

«Зенит» зымыран тасығышы экологиялық қауіпсіз компоненттермен жұмыс істейді. Бүгінгі күні Қазақстан тарапының ресейлік-украиналық компанияның қызметі арқылы халықаралық ғарыштық қызметіне қатысу шаралары қарастырылуда. Бұндай жобаларға қатысу Қазақстанға коммерциялық ұшырулардан қаражат табуға ғана емес, отандық сала мамандарының біліктілігін арттыруға да септігін тигізетіні анық», деді Т. Мұсабаев.