Бәйтерек кешенінен Союз-5 зымыран тасығыштарын ұшыру тағы да кейінге шегеріледі

Фото: «Роскосмос»
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінен «Союз-5» тасымалдағышын ұшыру тағы да кейінге қалдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі ел арасындағы келісімге сәйкес, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» кешенінен орта класты тасымалдағыштарды ұшыру сынақтары 2023 жылы басталуы тиіс болатын. Енді ол екі жылға кейінге шегерілмек.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі «Бәйтерек» кешенінен орта класты «Союз-5» тасығыштарын ұшыру сынақтарының басталуын 2025 жылы қамтамасыз етеді», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Үкіметтің қаулы-жобасында.

Құжатта жазылғандай, мұндай шешім әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қабылданып отыр.

«Күрделі геосаяси жағдайға байланысты әлемде компоненттер мен материалдарды жеткізу кезінде логистикалық тізбектер үзілді. Бұл жұмыс ұзақтығының ұлғаюына әкелді. Осыған байланысты «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінен орта класты зымыран тасығыштарды ұшыру сынақтары 2025 жылы басталады», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

Құжат 7 тамызға дейін көпшілік талқылауда болады.

Еске салайық, бұған дейін аталған кешеннен «Союз-5» орта класты зымыран тасығыштарды сынау 2024 жылы басталатынын хабарлап едік.