«Бәйтерек» кешенінен бірінші зымыран желтоқсанда ұшырылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей «Союз-5» зымыран тасымалдағышы өндірісін «Байқоңырға» көшіруі мүмкін. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Үкімет «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясымен де, өзге мемлекеттермен де, жеке шетелдік серіктестермен де ынтымақтаса отырып дамытуға ерекше назар аударады. Бүгінде ресейлік тарап ғарыш айлағындағы 10 ұшыру кешенінің үшеуін ғана пайдаланады, — деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, ғарыш айлағының инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуетін сақтап қалу үшін ресейліктермен бірге «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасы жүзеге асырылып жатыр.
— «Бәйтерек» кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы нысандары мен «Союз-5» зымыран тасымалдағышын жасау бойынша барлық жұмыс жоспарлы тәртіппен жүргізіліп жатыр. «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыран тасымалдағышын бірінші рет ұшыру 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар ресейлік тарап Ресей аумағынан «Байқоңыр» ғарыш айлағына «Союз-5» зымыран тасымалдағышы өндірісін көшіру мәселесін пысықтап жатыр, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін «Байқоңырдың» бірқатар туристік нысаны Қазақстанға қайтарылатындығын жазған едік.