«Бәйтерек» кешенінен Союз-5-тің алғашқы ұшырылымы қашан жүзеге асады

Фото: Байқоңыр қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, аталған хаттама аясында Келісімге келесі өзгерістерді енгізу қарастырылған. 

  • Бірінші - ұшу сынақтарының мерзімін 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыру;
  • Екінші - 2028-2039 жылдар аралығында «Бәйтерек» кешенінен ресейлік тараптың кепілдендірілген ұшыру санын жылына 2 ұшырылымнан 3 ұшырылымға дейін арттыру;
  • Үшінші - бейрезидент үшін қосылған құн салығының нөлдік ставкасын қолдану.

- Қазіргі кезде «Бәйтерек» жобасы бойынша тараптар арасында бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Қазақстан жағы өзіне алған барлық міндеттемені орындап келеді. Қазақстан қажет қаржыны бөлді, орындаушыларға аванс төленді. Жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстар тиісті кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Ресей жағы «Союз-5» зымыран-тасығышын, оның бақылау-тексеру аппаратурасын дайындау жұмыстарын іске асырып отыр. 

Сонымен қатар, ресейлік өндіруші кәсіпорындарда технологиялық жабдықтарды дайындау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, олардың зауыттық сынақтары қазақстандық мамандардың қатысуымен атқарылады. «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылуы 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған, - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, «Союз-5» зымыран-тасығышы экологиялық таза саналады, яғни керосин және оттегімен жұмыс істейді. Байқоңырдағы осы мемлекетаралық жобаны іске асыру ғарыш айлағының инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуетін сақтау үшін маңызды.

- Қазір қазақстандық ұйымдар 5 ғарыш аппаратын пайдаланып отыр. Отандық өндірушілер 5 ғарыш аппаратын әзірлеп жатыр, оның ішінде 2 ғарыш аппараты экспорттық шарттар бойынша шет елге арналған. Ғарыш аппараттарын ұшыру бағытындағы жұмыстар отандық ғарыш аппараттары өндірісін нығайтуға өзінің оң әсерін тигізеді. Өйткені тапсырыс берушілер ғарыш аппараттарын өндіріп, ғарышқа ұшырып, сол ғарыш кеңістігінде осы аппараттардың жұмыс істеп тұрған түрінде тапсыруды талап етеді. «Бәйтерек» кешенін уақытылы пайдалануға беру Қазақстанға тиімді коммерциялық құрылымы бар, яғни ғарыш аппараттарын әзірлеу мен құрудан бастап оларды «Бәйтерек» кешенінен ұшыруға дейінгі толыққанды ғарыш саласын құруға мүмкіндік береді, - деді Жаслан Мәдиев.


Бұған дейін хабарланғандай, биыл ақпан айында Парламент Мәжілісінің қарауына «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құруға қатысты құжат келіп түскенін жазған едік.