«Бәйтерек» ұлттық холдингінде басқарма құрамы өзгерді

Фото: Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтерек» ұлттық холдингі директорлар кеңесінің 28 мамырдағы шешімімен холдинг басқармасының құрамына Жандос Шайхы мен Тимур Оңжанов сайланды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) хабарлады.

Осылайша құрамдық өзгерістерге сәйкес «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқармасы 7 адамнан тұрады.

Оның қатарында Рустам Қарағойшин, Нұрболат Айдапкелов, Ерсайын Хамитов, Үсен Ғалым және Вячеслав Сон бар. 

Жандос Шайхы 1982 жылы туған, Алматыдағы КИМЭП университетін «іскерлік әкімшілік және бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген. 

2013 жылдан 2024 жылдың сәуіріне дейін «Ситибанк Қазақстан» АҚ Астанадағы филиалының директоры болып жұмыс істеді. 

Осы қызметке тағайындалғанға дейін «Бәйтерек» басқарма төрағасының орынбасары болған.

Жобалармен жұмыс және активтерді басқару мәселелеріне жетекшілік етеді.

Тимур Оңжанов 1996 жылдан бастап шетелде тұрып, Швейцарияда «экономика және бизнес әкімшілендіру» мамандығы бойынша оқыды.

Германияда жұмыс істеді, халықаралық банк үшін шетелдік клиенттерді тартумен айналысты.

2016 жылы Қазақстанға оралып, АХҚО-да жұмыс істей бастады, алдымен активтер департаментінде, кейін басқарушы директор, халықаралық бағдарламалар департаментінің басшысы болды.