«Бәйтерек» зымыранды- ғарыш кешенін салуға қатысты Ресеймен жасалған келісімге қосымша қажет - Т.Мұсабаев
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы талғат Мұсабаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш кешеннің бағасы оны жобалаған кездегіден 5 есеге артып кеткен. «Аталмыш кешен бойынша қазір негізінен жобалау жұмыстары аяқталды. Бұл өте үлкен жұмыс. Оны арнайы мамандардан басқалар біле бермейді. Ал енді осы жұмысты аяғына дейін жеткізетін болсақ, бізге қазір саяси шешім қабылдау қажет. Бұл шешім «Бәйтерек» зымыранды-ғарыш кешеннің мерзімі мен бағасына байланысты болмақ және шешім өте жоғары деңгейде қабылдануы керек»,-деді Агенттік төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы «Бәйтерек» зымыранды-ғарыш кешенін салу жөніндегі келісім 2004 жылы жасалған. Алайда онда кешенді салдың мерзімі көрсетілмеген. «Осыған байланысты біз аталған келісімге қосымша жасау қажет деген мәселені екі жылдан бері талқылап келеміз. Егер осы келісім жасалатын болса, онда кешенді салу мерзімі мен оның құнына және Ресей тарапының алатын жауапкершілігіне қатысты барлық мәселелер қамтылады. Келісім Қазақстан үшін экономикалық және саяси тәуекелдерді жеңілдетеді»,-деді Т.Мұсабаев.