«Бәйтерекке» құрметсіздік танытқан астаналық қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қала монументіне құрметсіздік танытылған жарияланым анықталды, деп хабарлайды Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ведомство дерегінше, ескерткіш аясында әдепсіз сипаттағы фотосурет орналастырылған.

— Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 19 жастағы елорда тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылып, материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды, — делінген хабарламада.

Елорда полициясы мұндай әрекеттердің жол беруге болмайтынын, қоғамдық нормаларды қорлайтынын және қаланың мәдени әрі маңызды нысандарына ашық түрде құрметсіздік білдіретінін атап өтеді. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылған.

Осыған дейін Астанада топтасқан жастар бір жасөспірімді соққыға жыққанын жазғанбыз.