«Бәйтеректің» 12,6 пайыздық несиесі инфляцияны арттырмайды – Азамат Әмрин
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы бизнеске 12,6 пайыз мөлшерлемемен берілетін 8 трлн теңге инфляцияға қалай әсер ететінін айтты.
- Отырыста «Бәйтерек» арқылы бизнеске 12,6 пайыз мөлшерлемемен 8 трлн теңге бөлінетіні айтылды. Бұл осынша мөлшердегі қомақты сома Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлемеден төмен пайызбен экономикаға түседі деген сөз. Мұндай қадам Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме (16,5 пайыз – ред.) арқылы инфляцияны тежеуге бағытталған бүкіл еңбегін жоққа шығармай ма, - деп сұрады журналист.
Вице-министр бұл ақша тауар нарығына емес, нақты өндіріске бөлінетіндіктен инфляцияға әсері болмайтынын жеткізді.
- Ол олай емес. Базалық мөлшерлемені арттыру неге инфляцияны тежейді? Өйткені ол шынымен де экономикадағы ақшаны азайтады. Ал «Бәйтеректен» екінші деңгейлі банктер арқылы бөлетін ақша нақты нысандарға, нақты тауарлардың өндірісіне бағытталады. Инфляция болу үшін ақшаның көлемі тауар көлемінен артып кету керек. Біз бұл ақшаны арзандатылған несие ретінде нарықтағы тауар көлемін арттыруға ғана бөлгелі отырмыз. Осылайша ол да инфляцияға кері әсер етеді,-деді Азамат Әмрин.
Айта кетейік, Үкімет үйіндегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн несие бөлінетінін айтты.