Байзақ ауданында астан уланған оқушыларға байланысты іс бойынша тергеу жүріп жатыр - прокуратура

2023 жылдың 7 қарашасында Жамбыл облысы Байзақ ауданының орталық ауруханасының инфекциялық бөлімініе Сарыкемер ауылына қарасты Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының 46 оқушысы мен 2 мұғалімі түсті. Олар тамақтан уланған болуы мүмкін.

Фото: Kazinform агенттігі

Бұл туралы Kazinform Жамбыл облысының прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта тексеру нәтижелері бойынша 35 адам ауруханаға жатқызылды (33 оқушы және 2 мұғалім).

Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тиісті тексеру тағайындады.

Аталған жайт Байзақ аудандық полиция бөлімі ҚК-тің 304-бабының 1-бөлігі бойынша (cанитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, іс аясында қажетті тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.

Қылмыстық істің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында.

ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес басқа мәліметтер жариялануға жатпайды.

Бұған дейін Жамбылда 46 бала мен 2 ересек адам мектеп асханасындағы тамақтан уланғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ уланған оқушыларға ас әзірлеген жеке кәсіпкер 82 мектепке қызмет көрсеткені анықталды.