Базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге не кедергі болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Фото: Ұлттық банк

Оның сөзінше, қазір мөлшерлемені төмендетуге инфляцияның тұрақты баяулауы мүмкіндік беріп отыр. Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға дейін түсті.

– Біз ақша-кредит саясатын жұмсартқан жоқпыз. Инфляцияның баяулауына байланысты базалық мөлшерлемені соған сай төмендеттік. Жалпы саясатымыз бұрынғыдай бірқалыпты қатаң күйінде қалып отыр, – деді ол.

Алайда жыл соңына дейін мөлшерлемені тағы төмендетуге мүмкіндік бола ма, әзірге белгісіз. Ұлттық банктің қазіргі болжамынша, мұндай мүмкіндік шектеулі. Себебі экономикада инфляцияны күшейтуі мүмкін факторлар сақталып отыр.

Соның бірі – Ұлттық қордан бөлінетін қосымша трансферттер.

– Қосымша трансферттердің экономикаға қалай әсер ететіні олардың нақты қалай игерілетініне байланысты. Өйткені қаражатты бюджетке жоспарлау бір бөлек, оның нақты жұмсалып, экономикаға қаншалықты әсер ететіні бір бөлек, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Тағы бір фактор – мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы жағдай. Ұлттық банк бұл нарықтағы өзгерістерді Үкіметпен бірге бақылап отыр.

– Қазіргі болжамымызға сүйенсек, базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі деп отырмыз, – деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткені хабарланды.