Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге 25 базистік тармаққа ғана түсірді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімге арналған кезекті баспасөз мәслихатында реттеушінің ақша-кредит саясаты неге әлі де болса қатаң күйінде қалып отырғанын түсіндірді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, елдегі инфляцияға әсер ететін сыртқы және ішкі факторлар ақша-кредит саясатын әлі де қатаң күйінде ұстауға мәжбүрлеп отыр. Олай болмаса, инфляция дәлізін 5 пайызға дейін төмендетуге бағытталған түпкі мақсатқа жету қиындап кетуі мүмкін.
«Инфляция баяулап келеді – 8,5 болған еді, қазір 8,4 пайыз. Біздің инфляцияға байланысты таргет саясатымыз – 5 пайыз. Яғни, 8,4 пайыздан 5 пайызға дейін жету үшін талай жолдан өтуіміз керек. Сондықтан қазіргідей жағдайда ақша-кредит саясатын босаңсытуға әлі ерте. Әйтпесе, біразға дейін 8 пайыз немесе «8+» дәлізінде тежеліп қалуымыз мүмкін», - деді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменов Қазақстандағы инфляцияның экономикаға да қатер төндірмейтін, қарапайым халықтың қалтасына да мейлінше аз салмақ түсіретін мөлшері 5 пайыз екенін айтады. Сондай-ақ, ол тамыз айында базалық мөлшерлеме қалай өзгеретінін қазір болжау қиын дейді.
«Әрине, базалық мөлшерлеме тағы төмендеуі мүмкін. Бірақ шешімді қабылдаған кезде бізге ішкі, сыртқы, әр түрлі факторларды есепке алу керек. Қалай болатыны әлі де белгісіз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазір теңгенің бағамы аздап әлсірей түсті. Бүгінгі шешім нақты факторларға негізделген, дұрыс шешім», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол доллардың бағамы қашан түседі деген сұраққа да жауап берді.
«Біз жылды 455 теңге шамасында бастаған болатынбыз. Кейін Ұлттық банктен бөлінген қосымша трансферттердің әсерінен теңге нығайды – 440-қа дейін барды. Кейін ол белгілі бір уақытқа 480 теңге деңгейінде болды. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамымызда да, бюджетте де доллар бағамы 460 теңге болып белгіленген. Қазір бағам шамамен 474 теңге болып тұр. Бірінші жарты жылдықта Қаржы министрлігінің салық түсімі орындалмағандықтан Ұлттық банктен алынатын жылдық трансфертті алға жылжытып, көбірек доллар сатуға тура келді. Бүгінгі таңда жылдық трансферттің 80 пайызға жуығын саттық. Ұлттық банктен трансферт алғанда валютаны ішкі нарыққа сатамыз. Нарықта доллардың ұсынысы артқанда бағам төмендейді. Алғашқы жарты жылдықта теңгенің нығаюына осы әсер етті. Басқа іргелі фактор болған жоқ. Ал әрі қарай Ұлттық қордан долларды көбірек сату мәселесіне келсек, бұл сұрақты Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне бағыттау керек. Жарты жылда жылдық трансферттің 80 пайызы сатылып кеткенін ескерсек, Үкімет қандай да бір қосымша трансферт ұсынуы әбден мүмкін», - деді Тимур Сүлейменов.