Базалық мөлшерлеме бойынша шешім 24 ақпанда жарияланады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 24 ақпанда жарияланады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын ұстануды жалғастырады. Биыл инфляциялық қысымның төмендеуін күтеміз. Бұған 2022 жылы базалық мөлшерлемені көтерудің оң әсері ықпал ететін болады. Біздің 2023 жылғы негізгі міндетіміз – инфляцияны тұрақты түрде төмендету, орта мерзімді перспективада нысаналы бағдар деңгейіне қайтару»,- деді ҰБ төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Оның атап өтуінше, базалық мөлшерлеме жөніндегі келесі шешім болжамдық раунд нәтижесінде қабылданады.

«Болжамды раунд кезінде біз болжамдар мен бағалауларымызды жаңартамыз. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады», - деді Ғалымжан Пірматов.

Еске салсақ, өткен жылдың соңында Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін көтеріп 16,75% деп белгілеген болатын.