Базалық зейнетақы лайықты болуы үшін ең төменгі күнкөріс мөлшерін қайта қарау керек - Қ. Айтаханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келешекте базалық зейнетақы лайықты тағайындалуы үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін қайта қарау керек.

Бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қуаныш Айтаханов осылай мәлімдеді.

Сенатордың сөзіне қарағанда, заң жобасындағы басты жаңалықтың бірі - базалық зейнетақы төлемдерін азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындау. Депутаттың пікірінше, бұл шара еңбек өтілі жеткілікті болса да, бүгінге дейін төмен мөлшерде зейнетақы алып келген зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Ал қайта есептеу нәтижесінде қазіргі зейнеткерлердің 75 пайызының базалық зейнетақы мөлшері екі есеге дейін өседі.

Осыған байланысты, сенатор заң жобасы бойынша базалық зейнетақының көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тікелей байланысты болып табылатынын атап өтті. Яғни, базалық зейнетақы азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан кем болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыз мөлшеріне белгіленеді. Он жылдан асқаннан кейін әр жылда мөлшері екі пайызға ұлғаяды және өтілі 35 жылға толса, ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.

«Яғни, базалық зейнетақы көлемін келешекте көтерудің бірден-бір жолы ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеру болып табылады. Сондықтан да бізге ең төменгі күнкөріс деңгейін көтерудің жолдарын ойластыру керек. Бүгінгі қолданыстағы ең төменгі күнкөріс деңгейі осыдан он шақты жыл бұрын қабылданған. Содан бері еліміздің экономикасы даму үстінде, жалпы ішкі өнім көлемі жан басына шаққанда 13-14 мың долларға дейін жетті. Алайда ең төменгі күнкөріс деңгейі 21 364 теңге немесе небәрі 115 доллар ғана. Бұл көрсеткіш Ресейде - 254 доллар, Беларусьта - 144 доллар. Елімізде азық-түлік өнімдері бағасының, жарық, жылу тарифтерінің жыл сайын өсіп отырғанын ескерсек, бұл макроэкономикалық көрсеткішті есептеуде кемшіліктердің бар екені айқын. Бұл біздің азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін нақты көрсетпейді. Халықаралық стандарттарға сәйкес, төменгі күнкөріс деңгейі әрбір бес жылда қаралып отыруы тиіс»,- деді Қ. Айтаханов.

Еске сала кетейік, аталған заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.