***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Семейдегі Түйемойнақ аралында Бейбітшілік мұражайы тұрғызылатын болды. Бұл бастама облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен қолға алынып отыр. Сәулетшілердің айтуларынша, бұл бес қабатты ғимарат шар тәріздес. Мағынасы адамның аялы алақанында тұрған нәзік көгілдір жер шарын түрлі соғыс-апаттардан сақтау керек дегенге саяды. Нысанның биіктігі 36 метр, диаметрі 24 метр. Шар үйдің ішінде көрме залдары, кинотеатр, мәжіліс залы орналаспақ. Бұл Семейдегі жапон мен түрік фирмалары тұрғызған аспалы көпірден кейінгі әдемі құрылыстың бірі болмақ.
«Аптап ыстықтан Қостанай өңіріндегі астық алқаптары күйіп кетудің алдында тұр. Апта аяғына қарай облыс әкімі аппаратының кеңейтілген мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанат Ғабдуллин биыл қуаңшылықтың салдарынан егін шығымының өте төмендігін баяндап берді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Аптап пен астық» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, өңірде қыста қардың аз түсуі себепті көктем тым ерте шықты. Сәуір айында-ақ топырақ қуаң тарта бастады, содан жаздың ыстығы мен шілденің аптабына ұласты. Бұл мезгілде жауған жауынның мөлшері 5 миллиметрден асқан жоқ. Мұның топыраққа сіңіп, ылғал болуға ешқандай әсері болмады. «Биылғы ыстық 2010 жылғы қуаңшылықтан асып түсті. Қазір астық алқаптарының 18 пайызы жақсы өсіп келеді, 68 пайызы нашар, 34 пайызы тіпті күйіп кеткен», - деп мәлімдеген Қ.Ғабдуллин.
***
АҚШ-та жеміс-жидекке жанды организмнің ДНҚ-сын қосып «сапалы» өнім шығару баяғыда жолға қойылған. Атап айтқанда, камбала балығының ДНҚ-сын қосып, қызанақтың жаңа сортын ойлап тапты. Кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНҚ-ны қосу арқылы өнімді құрт жемейтін етіп шығарды. Картоп пен бәйшешекті будандастырды. Қысқасы, будан өнімге зиянды жәндіктер жоламайды. Көрген жерде тырағайлап қашады. Қазақстанда өсірілетін бидайға мысықтың ДНҚ-сы қосылғанынан көпшілік бейхабар. Білгіңіз келсе, қамба толы астыққа тышқан жіберіп көріңіз, «мысық-бидайдың» маңын баспайды. Тіпті мұндай ұннан жасалған нанның өзін тышқан тістемейді. Біз жей береміз... Бұл жайында толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Халал будан өнімге қарсы» деген тақырыптағы мақаласында баяндалған.
«Пенденің күші миында, теңгенің күші тиында» екенін беске білетін бүгінгінің епті сатушылары саудасын өрістетудің жолы тиыннан теңге құрау мен таразыдан жеу деп түсінетін секілді. Базарда елпілдеп «сауда жасағаныңыз үшін рақметін» жаудырып тұрған саудагердің таразыдан қаққанын үйге келген соң бір-ақ білесіз. Қайта барып дауласуға мойныңыз жар бермейді. Қол сілтеп қоя саласыз. Осылайша базарларда күнделікті қаншама адам таразыдан желініп қалтасынан қағылып жатады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Базар әкімшілігі әлсіз бе, әлде саудагер сұрқия ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Таразыдан қағып, тиыннан теңге құрағыш бүгінгінің кейбір саудагерлері қай заңыңа да пысқырмайтындай. Ал кісі ақысын жеуге арланатындар базарда сол байымаған күйі жүр. Сонда кісі ақысын жегендердің бүйірі шыққаны қайсы?
***
«Айқын» газетінің жазуынша, 9 мыңдай қазақстандықтың қарызы бар. Сондықтан оларға шетелге шығуға уақытша шектеу қойылады. «Әділет министрлігінің сайтында жрияланып тұрған тізімнің апта сайын жаңартылуы оң нәтижесін бергенге ұқсайды. Қазақстандықтар, әсіресе, демалысқа шығар алдында өз қарызына айрықша ықыласпен қарай бастаған көрінеді. Бүгінгі күні «қара тізімде» 9 мыңға жуық есім тұр», - деп жазады басылым «Қарызы барлар шетелге шыға алмайды» деген тақырыптағы мақаласында.
***
«Экспресс К» газетінің жазуынша, соттар арасындағы жемқорлықтың ең жоғары деңгейі Алматы мен Таразда анықталған. Ал Өскемендік соттар пара алуға келгенде барынша тартыншақтайды екен. Бұл осы көктемде еліміздің 8 қаласында жүргізілген сауалнаманың нақты нәтижесі. Толығырақ басылымдағы «Шлея под мантию попала» деген тақырыптан оқып біле аласыздар.
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Якутияда математика, информатика, физика және химия пәндері бойынша өткен «Туймаада-2012» ХІХ халықаралық мектеп оқушылар олипиадасында қазақстандық құрама жарқын жеңіске жеткен. Мәселен, химиядан Тараз қаласындағы №1 гимназияның 10 сынып оқушысы Богдан Загрибельный алтын, математикадан Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектебінің оқушылары Темірлан Сейілов пен Батырхан Орынқұл алтын мен күміс, ал физикадан Алматыдағы №165 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Динай Шәріпов алтын медаль иеленген.