«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты деректі еңбектің үзінділері басылды. «Құрыш осылай шыныққан» атты материалда «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты деректі еңбектің үзінділерін оқып, әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерінің саяси тұлғасымен бірге бәрін бастан өткерген, соғыстан кейін ауылдың қиындығында ысылған, домна пешінің аптабында шыныққан, туған елімен астасып кеткен азаматтың әрі таныс, әрі ыстық бейнесін көре аласыздар. Ешкімді бей-жай қалдырмайтын ақиқат деректер күреске толы қайсар өмірдің тарихқа айнала бастаған толғақты сәттерін көз алдыңа жайып салады. Ойландырады, толғандырады, жігерлендіреді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі ресми тарихи-ғұмырнама жанрында алғаш рет зерттеліп отыр. Президент Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, көрнекті публицист Махмұт Қасымбеков жетекшілік еткен шығармашылық топ Елбасытану саласында орасан зор ғылыми жұмыс атқарыпты», - делінген мақалада.
«Кеше түн ауа сағат 02.45-те Астана халықаралық әуежайына ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының қаһармандары, былғары қолғап шеберлері Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко мен Марина Вольнова, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бастаған команда келіп қонды», - деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті «12 жыл. 12 тамыз. 12-орын» атты келесі мақаласында.
«Осы жерде құраманың бас жаттықтырушысы М.Айтжанов боксшылардың Олимпиададағы жарысы мен алдағы жоспарлары туралы ойларымен бөлісті. «Біз алға қойған мақсатымызға жеттік. Біздің Олимпиададағы жоспарымыз үш медаль алу болатын. Сол мақсатымыз орындалды. Әрине, кемшіліктеріміздің де болғаны рас. Себебі, боксшылардың бәрі тиісті деңгейде өнер көрсете алмады. Бұл жарыста біздің бұдан да көп жүлде алуға шамамыз келген еді. Дегенмен, Олимпиада ойындары біздің жас боксшыларымыз үшін үлкен мектеп, тәжірибе алатын үлкен алаң болды», - деді ол», - делінген аталмыш материалда.
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Базарда жүр талай қазақ баласы...» атты мақала жариялады. Онда еліміздегі «тентек» болған балаларды тезге салып, қаңғыбас балаларды қарауына алатын мекеме - бейімдеу орталықтары турасында ой өрбітеді.
«Бір ғана Алматы қаласында жыл басынан бері кәмелеттік жасқа жетпеген 808 жасөспірім ұрлық-қарлық, бұзақылық жасағаны үшін арнайы орындардың тіркеуіне алынса, 920 бүлдіршін берекесі кеткен отбасыларда тәрбиеленуде екен. Сондай-ақ жыл басынан бері тоғыз адам ата-аналық құқығынан айырылған. Бұл - биылғы жылдың жартыжылдығындағы ғана көрсеткіш», - деп жазады газет.
Жалпы статистика бойынша, 2011 жылы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мекеменің тізіміне ілінген жалпы саны 13,5 мың баланың 902-сі Алматы қаласынан екен. Яғни, биылғы жартыжылдықтағы көрсеткіш былтырғы жыл бойғы көрсеткішке жетеқабыл. «Сонда бейімдеу орталықтарын құқық қорғау органдары қарамағынан алып, білім беру ұйымдарының құрамына беруден не ұттық?», - деп сауал тастайды басылым.
«Айқын» басылымы Елбасы атымен аталған шыңға еліміздің көк байрағы тігілгенін хабарлайды. «Алдымыздағы сенбіде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 20 жыл толады. Осы төл мерекелері қарсаңында «Боран» маневрлік десанттық-шабуылдаушы топтың шекарашылары Іле Алатауындағы биіктігі теңіз деңгейінен 4 376 метр болатын Нұрсұлтан шыңына шығып, Қазақстанның туын тікті», - делінген «Нұрсұлтан шыңына ту тігілді» деп аталатын мақалада.
Елімізде өз жеріне салдыр-салақтық танытқан жер пайдаланушылардың тізілімі жасалуда. Сонымен қатар жер телімдерін экономикада тиімді пайдалану мақсатында, игерілмей жатқан жер учаскелері мемлекет меншігіне алынып отыратын болады. Бұл туралы «Казахстанская правда» газеті «Жерге - жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарайық» атты мақаласында. («К земле - ответственно и бережно»)
Газеттің хабарлауынша, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров кеше Үкімет алдында есеп берді. Үстіміздегі жылы 30 млн. гектар ауылшаруашылық жеріне түгендеу жүргізіледі, деді Қ.Отаров. Қазір оған дайындық және далалық жұмыстар аяқталыпты. Биылға жоспарланған жер көлемін тексеру жұмыстары алдағы қазанға дейін аяқталмақ. Негізінен, ауыл шаруашылығына арналған жерді түгендеу жұмыстары 2012-2014 жылдарға жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы қоры жерлерін тексеру нәтижесі бойынша, үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде 7 млн. гектар жердің 3,5 млн. гектары, яғни, 51 пайызы айналымға тартылыпты. Сонымен қатар, 2012 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша 1 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.